Пайғамбарымыздың тәрбиелік негіздері Құран Кәрім мен сүннетте егжей-тегжейлі айтылған. Задында, басқасын былай қойғанда, тек Құран Кәрімді адамдарға, олардың болмысына сіңдіруінің өзі аса ғажап. Тақырыбымыз Құран болмаса да, мынаны айтпай кетуге болмайды.
Адамзаттың ардақ тұтар Тұлғасы мектеп пен медресесі жоқ сауатсыз қоғамнан шыққан еді. Ол бұл дүниеден өткен кезде артындағы жұртта жас-кәрісі бар сауат ашпаған жан қалмаған болатын. Алайда қазіргі кезде осыншалықты мүмкіншілік пен қаншама күш-қайрат сарп етілсе де, сауаты жоқтар кездеседі. Аллаһ елшісі болса, небәрі, шамамен, жиырма жылдың ішінде баршаға иман келтіруге арқау болып, хат танытып, сауатын аша білді. Шамасы, ұлылардың Ұлысы ақырет әлеміне көшкенде, артында қалған серіктерінен Құран Кәрімді үйренбеген ешкім қалмады деп ойлаймын. Тіпті Мәдинаның жер жыртып жүрген қарапайым егіншілерінің өзі, Құран оқудың жеті түрлі (яки он «қәріпті») тәсілін білген. Бүгінде «ужуһ ілімі» деп аталатын Құран оқудың осы тәсілін меңгергендердің саны ат төбеліндей ғана.
Сөз жоқ, сол заманның адамдары өте зерек, есте сақтау қабілеттері де айрықша болатын. Бірақ осы жауапты істі олар алғырлықтары мен жадыларының мықтылығының арқасында ғана игерген жоқ. Бұл Аллаһ расулының оларды Құранмен біртұтас ете білген білім жүйесінің нәтижесі еді. Хақ пайғамбардың таңғажайып тәрбие жүйесі оларды тазартылып қайта құйылған сом алтындай етті.
Мысалы, Құран Кәрім оларға «Аллаһ үкімін берді. Одан өзгеге құлшылық етпейсіңдер және ата-аналарыңа да жақсылық жасайсыңдар» (Исра, 17/23), – дейді. Осы жарлық сол күнге дейін ата-анасын тыңдамай, тіпті оларға қатыгездік жасаған әлгі адамдарға қатты әсер етеді. Тіпті олардың бірі Аллаһ елшісіне келіп, әкесі баласына қарағанда, ол күлімдеп қарамаса, оған қандай жаза берілетіндігін сұрай бастайды.
Құран Кәрімнің «Жетімнің малына жақындамаңдар» (Әнғам, 6/152; Исра, 17/34) мағынасындағы аяты түскенде де, мұсылмандарға өте қатты әсер етті. Артынша бірнеше адам Пайғамбарға келіп, қолдарындағы аманат етіп ұстаған жетімнің мал-мүліктерін өздеріне қайтарып берсек қайтеді деп сұрады. Назар салсаңыз, аят «жетімнің малын жемеңдер» демейді, «ол малға жақындамаңдар» дейді. Осындай аса қиын мәселеге сахабалар сақ қарап, қолындағы жетімнің малынан құтылғылары келді. Енді қараңыз! Кеше ғана жетімге адам деп қарамай, дүниесін тартып алуға тырысқан мына адамдарға бүгін не болған? Неге бірден аяқ астынан өзгеріп сала берді?
Зина кең етек алып, қоғамда үйреншікті әдетке айналған болатын. Мұндай жиіркенішті қылықты сол кездегі қоғамда жатырқайтын адам кемде-кем еді. Осы кезде Құранның: «Зинаға жақындамаңдар» (Исра, 17/32) деген жарлығы келді. Жарлықтың жария болғаны сол екен зинақорлық бірден пышақ кескендей тыйылып сала берді.
Ұрлық пен қарақшылық жарысқа түскендей өршіп тұрды. Ол ол ма, ел арасында мұндай істер батырлыққа баланды. Алайда, Құранның: «Әйел, яки, еркек ұрлық жасаса, қолдарын кесіңдер!» деген (Маида, 5/58) жарлығы келгенде, дүние бірден өзгеріп сала берді. Менің білуімше, одан кейін қол кесуге тұратын жайт орын алмады.
Құран Кәрімде баскесерлерге: «бейкүнә жанды нақақтан-нақақ өлтіруге тыйым салған» (Исра, 17/33) бұйрығы түскенде, кісі өлтіру қылмысы да су сепкендей басылды. Иә, содан кейін бар-жоғы екі өлім оқиғасы орын алды: бірі қасақана, бірі қателіктің себебінен.
Енді қараңыз! Зер салып қараңыз! Ширек ғасырға да жетпейтін уақытта, яғни, Аллаһ елшісінің тірі күнінде өзі келіп мойындаған бір зинақорлық қылық, бір еврейдің өлтірілуі және, менің білуімше, бір әйелдің қолы кесілуі сияқты бірнеше оқиғаға куә боламыз. Бұрын да айтқам, қазір де айтамын: Бұл ел «өлексе жеп, қан ішетінбіз» деген қанішер қоғам болатын. Міне, осындай қоғамнан Аллаһ елшісі періштедей пәк адамдарды «хазірет» деп аталған Әбу Бәкір (р.а.), Әбу Һурәйра (р.а.), тіпті Майызды (р.а.), Ғамидияттық (р.а.) әйелді, басқа да қаншама бірегей тұлағаларды шығарды. Яғни балшық пен батпақтан нұрлы қоғам тұрғызғандай еді. Бұл мұғжиза емей немене?
Осы тақырыпты терең ашып көрсету мүмкін емес. Ендігі жерде жоғарғы адамгершілік мінездің үш-төрт ұстанымына қатысты бір-екі мысал келтіре кетіп, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жүзеге асырған істерінің қаншалықты пәрменділігін тағы бір рет бейнелегім келеді.









