МЫҢ ЖЫЛДЫҚ САҒЫНЫШ

Түрк тілдес халықтардың, бүкіл түрік дүниесінің тарихи Отаны – Орта Азия, соның ішінде Қазақстан. Бәріміздің түбіміз бір, атамыз бір, анамыз бір, тарихымыз бір, дәстүріміз бір, салтымыз бір. Ұзақ тарихтың шеңберінде әр түрлі аумалы-төкпелі заманды, тағдырды басымыздан әрқалай кешкен елміз. Қазақтың көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаев: «Ер түрік енші алысып тарасқанда, қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па», – деген. Иә, қазақ – сол қара шаңырақты ұстап қалған халық.

Бабаларымыздың біразы бір замандары қасиетті Атажұрттан шығып, сонау Батыс пен Шығысты тоғыстырып, сан алуан мәдениеттердің кіндігіне айналған Анадолыға жетті. Әртүрлі саясаттың кесірінен бір анадан тараған бауырлардың арасында мың жылдай қарым-қатынас болмады. Бір-бірімізбен жолыға алмадық, табыса алмадық. Заманымыз, тағдырымыз солай болды. Біздер мың жылдан кейін ғана қайта табыстық, тіпті, жылап көрістік деуге болады. 1991 жылы тәуелсіздігімізді жариялаған кезде 19 минуттан кейін Қазақстанның тәуелсіздігін танып мойындаған Түркия мемлекеті еді. Қуанышы қойнына сыймай, бізді тәуелсіздігімізбен құттықтаған алғашқы мемлекет. Ататүрік өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында көрегендікпен: «Кеңес Одағымен жақсы доспыз біз. Бұдан былай да достығымыз жалғаса береді. Бірақ Кеңес Одағының тағдыры қалай болады? Оны біз білмейміз. Ал олай-бұлай болып кетсе, оның қарамағында түрк тектес бауырларымыздың бар екенін ұмытпайық. Түркия ең алдымен соларға қол созуы керек!» – деген екен. Не деген данышпандық, қалай сезген деймін мен бұл күнде таңғалып!

Сол кездегі Түркия мемлекетінің басшысы Тұрғыт Өзалмен үш рет кездестім. Байсалды, сабырлы, ақылман, кемеңгер жан еді. Ататүріктен кейінгі бүкіл көк түріктің, түрк дүниесінің ақылман ағаларының бүкіл түрік халқын жанындай сүйетұғын, түрік халықтарының тағдырына жаны аши-тұғын кісі еді. Түркия мемлекетінің басшысы тәуелсіз Қазақстанға алғаш ресми сапармен келгенде, мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің Премьер-министрінің орынбасары едім. Елімізге келген сапарында жанында жүрдім.

Ол кісі Елбасымызбен оңаша отырып сөйлесті. Алматыдағы резиденцияда таңертеңгі шайды ішіп отырғанымызда, Тұрғыт Өзал бір әңгіменің тиегін ағытты:

– Нұрсұлтан бауырым, – деп бастады сөзін. – Біз бұл жолдан өткен елміз. Сіздер, бұл жолға енді ғана түскен жас мемлекетсіздер! Басымыздан кешкенімізді айтайын. Бәлкім, тәжірибеміздің кейбірі сіздерге қажет болуы мүмкін. Біріншіден, стратегиялық объектілерді мемлекеттің қолынан шығармау керек, оны мемлекет барынша өзі ұстап тұрғаны абзал. Екіншіден, тұрмыс қажетін өтейтін салалардың бәрін жекеменшікке беру керек. Оны мемлекеттің мойнына мінгізудің қажеті жоқ. Үшінші айтатыным, байланысты тез орнату керек. Өйткені, байланыс болмаса, байлар келмейді. Олар барған жерінде қолма-қол өз елімен тікелей байланысқа шығып, мәселені тез шешетіндей болу керек. Ал байлардың келуі үшін жақсы мейманханалар, қонақ үйлер керек. Мейманхана, қонақ үй салуға, байланыс жүйесін жақсартуға көмекті біз береміз. Біздің елде айдалада отырған үйлердің бәрінде байланыс жүйесі орнатылған. Жер жүзімен қолма-қол байланысқа шығады.

Кейін осыған көзім жетті. 1992 жылы Түркия мемлекетіне тұңғыш рет қазақ мәдениеті күндерін өткізіп, ең мықты өнерпаздардан құралған делегацияны басқарып бардым. Сол жерде ұйымдастырылған пресс-конференцияда, қазақ мәдениеті күндерінің өтетінінен халықты құлақтандырып үлгерген Түркия бұқаралық ақпарат құралдары алдында: «Осы күнді біздер ана жақта, сіздер мына жақта мың жыл күтіп, аңсадық!» – дедім.

Осы ресми сапарымызда қазақ мәдениеті мен өнеріне Анкара, Ыстамбұл жұртшылығы куә болып, Түркияның зиялы ақсақалдары тәнті болып отырды. Олар туысқандық сезіммен: «Біздің аңсайтын әндеріміз осы екен ғой, ең жақсы әндеріміз тарихи отанымызда қалған екен ғой», – деп толқып еді. Сол күндердің бәрінде бізге дастарқан жайып, қонақжайлық танытқан түрік ағайындарымыз өз кезегінде ән салып, көңілімізді өсіріп еді.  Маған түріктің халық әндері қатты әсер қалдырды. Сол әндерде ғажап саз, үлкен арман, қайғы мен қуаныш, таусылмайтын сағыныш, тарихи отанына деген сағыныш бар еді… Сай-сүйегің сырқырап, ет жүрегің елжірейді… Есімде қалғаны – әншілер Белкыз Аққале, Гүлсім Севиндилердің орындауындағы әндер. Сөйтіп, осы сапардан кейін Түркияның көп министрлерімен жолығып, Түркияның университеттерінде қазақ студенттерін оқытамыз деп шешім қабылдап, келесі жылы екі мың студент жібердік. Міне, осылайша екі ел арасындағы қарым-қатынасымыз басталды да кетті. Сол кезде Тұрғыт Өзалмен, Түркияны ілгергі мемлекеттердің қатарына қосқан, бұл күнде кейбірінің көзі жоқ, Сабанжы, Коч деген асыл ағаларымызбен жолықтық. Олардың біздерді ізгі ниетпен жақсы қарсы алып, қолдарынан келер көмектерін аямайтынын, Қазақстанға келіп, бауырларымызға қол ұшымызды береміз деген сөздері әлі есімде. Одан кейін де Қазақ-түрік Іскерлер Кеңесін құрдық. Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша кеңесті Қазақстан жағынан мен басқардым. Сол кездері Түркияның іскер адамдары Қазақстанға көптеп келді.

Түркияға барған кезекті сапарымда ТРТ арнасына берген сұхбатымда бауырлас екі елдің арасындағы қарым-қатынасты күшейту керек дедім. Сол жолы мен «Zaman» газетінің басшысы Ильхан Ишбиленмен кездесіп, оның өтініші бойынша келгеннен кейін Қазақстанда екі тілде жарық көретін «Zaman-Қазақстан» газетін аштық.
Құдайға шүкір, қазір екі ел арасындағы қарым-қатынас жақсарды. Түрк тілдес мемлекеттері басшыларының алғашқы, сосын былтыр өткен тоғызыншы саммитіне қатыстым. Бұнда Президентіміз бірнеше мәселелелерді алға қойды. Ынтымақтастықтың нәтижесінде түрк тілдес мемлекеттердің кеңесі, олардың сыртқы істер министрліктерінің кеңесі, сосын Түрк дүниесі ақсақалдар кеңесі құрылды. Қазақстан тарапынан Түрк дүниесі ақсақалдар кеңесіне мүше болдым. Түрк дүниесі академиясын құрамыз деген шешім қабылданды. Өздеріңіз куә болғандай, үстіміздегі жылдың 25 мамырында Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Түркия Президенті Абдуллаһ Гүлмен бірге ашты.

Өзім басқарып отырған мәдени орталықта Түрк дүниесі орталығын аштым. Мұндағы негізгі мақсатым – түрк дүниесінің мәдениетін, тарихын жастар үйреніп біле берсін, туыстас ел арасындағы бауырластық пен ынтымақтастықты нығайтуға қызмет етсін деген ниетімізді жүзеге асыру.

Қазір тек Қазақстанда ғана емес, дүниежүзінде білім беріп жатқан, түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүлен идеясымен ашылған түрік лицейлері мыңдаған шәкірт тәрбиелеуде. Тәрбие мен білім беруге көп көңіл бөліп жатқан түрік халқы оларға қолдау көрсетіп отыр. Дұрыс-ақ, бізде де неше түрлі мектептер бар, олардың жақсы білім беріп жатқанына күмәнім бар. Бұл күнде Қазақстанда қазақ-түрік лицейлерінің саны 28-ге жетіп отыр. Оны бітірген түлектер жақсы тәлім-тәрбие мен білім алып шығып жатыр. Қазақ, түрік, ағылшын, орыс тілдерін біліп, көп пәндер оқиды. Соңғы жылдардағы конкурстардан байқағанымыздай, қазақ-түрік лицей-лерінің оқушылары бүкіләлемдік білім сайысынан жеңістермен оралуда.

Қазір әлемде ынтымақтасу, интеграциялау заманы басталды. Мәселен, байырғы заманда бір-біріне жау болған, құлап қираған Еуропа мемлекеттері қазір достасып, Еуроодақ құрғаны күні кеше ғана. Президентіміз Н.Назарбаев Еуразия Қауымдастығын құрды. Иә, кеше ғана түрік дүниесіне ықпалы зор болған Ататүрік бар, одан кейін Түркияны алға сүйреген Тұрғыт Өзал бар, түрік халқынан шыққан ұлылар аз емес. Қазір бүкіл түрк дүниесінің көш басында Қазақстанның Президенті Н.Назарбаев келе жатыр. Бүкіл түрк елінің кіндігінен туғандардың жалғасы деп ойлаймын. Екі елдің арасындағы туыстықтың, ынтымақтастықтың, достықтың белгісі ретінде Есілдің жағасында Елба-сының қатысуымен Ататүрікке ескерткіш қойылды. Қазақта «Бармасаң, келмесең жат боларсың» деген мақал бар. Осы туыстық қарым-қатынасымызды нығайтып, бір кісінің баласындай болып, тіршілік етуіміз, өмір сүруіміз керек. Досқа күлкі, дұшпанға таба болмауымыз керек. Дұшпанды азайтып, досты көбейтуіміз керек. Күлтегін бабамыздың басына қойған таста жазу бар, ол жазуды бүкіл түрк баласы ұмытпауы керек. «Көкте тәңірі, төменде қара жер жаралғанда екеуінің арасында адам баласы жаралған. Адам баласының үстінде менің бабам Бумын, Істемі қағандар отырған. Олар дүниенің төрт бұрышын алған. Дүниенің төрт бұрышы соларға қараған, азды көп қылған, кедейді бай қылған, тату елге жақсылық қылған. Олар осындай ұлы, білікті қағандар еді…
Ей, Түрктің бектері, халқы!

Сендер алауыз­сыңдар, таққа кіріптарсыңдар. Ағалы-інілінің дауласқандығынан, бекті-халқының жауласқандығынан, дұшпаныңның сөзіне алданған-дығыңнан қағандығыңнан, елдігіңнен, төріңнен, билігіңнен айырылдың. Жер-жерге босып сандалдың. Біресе ілгері шаптың, біресе кері шаптың, барған жерде не пайда таптың? Бек ұлдарың құл болды, пәк қыздарың күң болды. Түрк халқы, өкін!» деп жазады.

Сай-сүйегіңді сырқырататын осы сөздерді, басынан кешкендерін мәңгі өшпестей етіп, жүрегінің қанымен, көзінің жасымен бабаларымыз тасқа осылай, қашап жазып кеткен. Халқымыздың бірлігіне нұқсан келмей, жарасты ынтымақтастықта болайық! Бәрімізге Алла амандық, тірлігімізге береке берсін! Түрк дүниесі өркендей берсін!

Share:

More Posts

fethullah gulen hocaefendinin le monde makalesi 99d

Фетхуллаһ Гүлен: «Мен жайлы айыптаулар дәлелденсе, түркияға қайтуға дайынмын»

Түркия Шілденің 15 — түні орын алған төңкеріс жасау әрекетімен жақын тарихтағы ең үлкен сұмдықты бастан кешті, шыңырау құзға құлап кете жаздап аман қалды. Сол түні болған оқиғаны террорлық төңкеріс деуге болады. Әскери шенділердің мемлекет ісіне араласуы тарихта қалды деп ойлаған түрік қоғамының барлық саласы төңкеріс әрекетіне ортақтаса қарсы тұрды әрі демократияны жақтайтындықтарын көрсетті. Мен…

Senin halktan

Фетхуллаһ Гүлен билікті көздей ме?

Белгілі ағартушы Фетхуллаһ Гүлен өзіне «Билікті көксеуде» «Президент болғысы келеді» деп айыптағандарға көп жылдардан бері әртүрлі орындарда жауап беріп келеді. Еңбектерінде бұл сұраққа мынандай жауаптар айтып, өмірлік негізгі мақсат-мұратын түсіндіруге тырысқан:
«Қанша рет айттым: «Алладан қорқа тұра бұл мәселеде жалған сөз сөйлемеймін: егер маған Президент аппаратын басқару берілсе, содан үзілді-кесілді бас тартпасам, әлемдегі ең сорлы мақұлық…

kulluktaki zaafiyet ve kabaran enaniyet 592

Құлдықтағы осалдық және тәкаппарлықтың асқынуы

Сұрақ: Менмендік пен өзімшілдіктің күш алуының ең маңызды себептерінің бірі ретінде құлдықтағы әлсіздік баса айтылады. Құлдықта әлсіздік таныту мен менмендіктің күш алуының арасында қандай қатынас бар?
Жауап: Араб тіліндегі «а-б-д» деген түбірден тарайтын убудият сөзі адамның Жаратушы иенің алдындағы жауапкершіліктерін орындап, құлдық сана-сезімде болуын білдіреді. Ғибадат та осы түбірден туындайды, алайда бұл екі сөздің арасында…

bari biz giybet iftira kavga ve fitnelere gecit vermeyelim 818

Бүлік оты

Сұрақ: «Мүмтахина» сүресінде айтылған: «Раббымыз, бізді ақиқатты мойындамаушылардың қолында бүлік пен сынаққа салма (бізді олардың қысымы мен қоқан-лоққысына ұшыратпа), бізді кешір. Раббымыз, жеке дара жеңіс пен хикмет иесі тек қана өзіңсің!» (Mүмтахина сүресі, 60/5) деген аяттан қандай сабақтар алуымыз керек?
Жауап: Алдыңғы аятта хазірет Ибраһимнің есімінің ашық аталуынан бұл дұғаның хазірет Ибраһимге (ала нәбиинә уә…

islamin insan tabiati ile butunlesmesi b1b

Көрегендік керек

Сұрақ: Сұқбаттар мен жазған дүниелерде жиі тоқталатын көрегендікпен әрекет ету мәселесін қалай түсіну керек? Оны өмірде қалай іске асыра аламыз?
Жауап: Басирет (араб тілінде) сөзі білім мен тәжірибемен қатар мәселелерді жүректің ізгі өлшемдерімен қолға алу, сараптау мен синтездеу, сөйтіп оларды басы әрі соңымен, алды артымен бағалайтындай кең ұғымталдыққа жету деген сөз. «Басар»: материалды көзбен заттар…

subjektif mukellefiyet 6b6

Сенім ұялату және таза істеу

Сұрақ: «Болашақ ұрпақтардың сынына ұшырататын жағдайлардан аулақ болу талабымен тыңдаушыларға сенім ұялатудың маңыздылығы сөз болуда. «Сұхбаттастарға сенім ұялату» деген не әрі бұл міндетті атқарғанда болашақ ұрпақтар алдында сын мен сөгіске қалмау үшін қандай тұстарға көңіл бөлу керек?
Жауап: Бұдан бұрын түрлі себептермен тілге тиек етілгендей, мүмин: Аллаға, Пайғамбарымызға (саллаһу алайһи уә сәлләм) және оның хабар бергендеріне…

isigin gorundugu ufuk 409

Рамазан айында адам жүрегінің жұмсаруы

Сұрақ: Жыл сайын көктен түскен сәкинадай[1] көңілімізді жібітіп, жайландырған, белгілі бір қалыпқа түсіретін Рамазан айын жекелей және қоғамдық өміріміз үшін барынша толық пайдалану үшін не ұсынар едіңіз?
Жауап: Ораза, ауызашар, сәресі, тарауих секілді арбайтын әсемдіктерімен санамызда қылаң беріп, өзіне тән қасиетті ауан қалыптастырған Рамазан айының үсті-үстіне қысым үдеп, зорлық пен қатігездік әлінен асып, дауласуды артық көріп,…

gaflet ve ulfete yenik dusmemis dua 0b8

Бір дұғадағы төрт негіз туралы

Сұрақ: Ардақты елшінің (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) жиі қайталайтын:
اَللّٰهُمَّ إِنِّي أَسْأَلُكَ الْهُدَى وَالتُّقَى وَالْعَفَافَ وَالْغِنَى
«Алла тағалам, Өзіңнен хидаят (тура жол), тақуалық, арлылық (иффа) пен байлық (ғина) сұраймын» (Мүслим, Зікір, 72) деген дұғасында өтетін төрт негізді түсіндіріп берсеңіз?
Жауап: Әуелі мынаны айтқан жөн, бұл дұғада аталған мәселелердің әрбірі ардақты пайғамбарлардың елеулі қасиеті болып табылады. Тіпті мынаны айтуға…

maik tayson kizmet kozgalisin maktadi 1fa

Майк Тайсон «Қызмет» қозғалысын мақтады

Әлемге әйгілі былғары қолғап шебері Майк Тайсон «АҚШ-тың шығыс жағалауындағы түрік мәдениеті» халықаралық фестивалдің ақтық мәресіне қатысты. Ол өзінің жалпыға мәлім Твиттер әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында «Қазмет» қозғалысының түрткі болуымен ашылған мекемелерге қарата өз алғысын білдірді.
«Тіл және мәдениет халықаралық фестивалі және оның ұйымдастырушысы Түрік-американ одағы мен Руми Форумын құттықтаймын!»
Аса мағыналы мына сөзді де Тайсон айтқан:
Сен…

korucuk home 7bb

Түркиядағы заңсыз әрекеттер аяқталуға жақын

Түркия соты баламалы құрылым құрып жатыр деген айып тағылған (Ердоған мен жақтастары «Қызмет» қозғалысынан осылай күдіктенеді) «Саманиолы» телерадио корпорациясының басшысы Хидаят Каража мен тағы да 60 шақты адамды босатты. Тағылған айыпқа бірде бір дәлел келтірілмеді тіпті көпшілігінен түсініктеме алуда да орынсыз деп тапты. Істі қараған сот айлар бойы тергеуге қарамастан еш кінә таға алмады.
Сот шешімді…

Send Us A Message