Қадіріңді сезіне түстік…

Home » Kazakh (KZ) » Кітаптар » Руханият көктемі » Қадіріңді сезіне түстік…

Сенің жарық дүние есігін айқара ашуың арда туған адамзаттың өмірге қайта келуі десе болғандай. Ақ түйенің қарны жарылған сәттен бастап, алыс-жақын барша жұрт Сенің жаһанға жайған нұрың арқылы кем-кетігін түзеп, оң-солын ажырататын болды. Сол арқылы тас шемен талай көңіл дауылдан кейін тымық тартқан теңіздейін жай тапты. Жаннатты және жаннаттағы мәңгілік бақыттың мәнін Сенің Жаратқаннан алған иләһи баяндарың арқылы дұрыс түсініп, «алыстан сермеп, жүректен тербеп» сезінуге қол жеткіздік. Сезініп қана қоймай, інжу боп төгіліп, маржан боп түзілген нұрлы баяндарың арқылы Хақтың мұратын түсіну бақытына кенелдік.

Бүгінде Хақты мадақтап, ұлықтаумен бірге «қауышу»[1] сезімі жүрекке жиған жауһарымызға айналып жатса, осынау ұлы сезімдерді жалындатып, шабыт берген де Сенсің! Кәдімгі жұмыр басты пендеден «кәміл адам» болудың шыңын көрсеткен де Өзіңсің!  Рухани дүниемізде иләһи махаббаттың отын жағып, күлін қағып, Аллаһ тағаламен қауышуға деген ғашықтық пен құштарлықтың бақытқа бастар бал дәмін таңдай жібітіп, таттырған да Өзіңсің! Сенің нұрлы шуағыңнан жан дүниесі жібектей есіліп, масатыдай құлпырған талай жанға жаратылыстың тылсымынан сыр шерткен де Өзіңсің! Миллиардтаған жанның құрмет-қошеметіне, ыстық ықыласына бөлендің. Ары таза талай жүректі ақиқаттың кәусар бұлағымен сусындатып, адамзатқа адам деген ардақты атқа лайық болудың жолын көрсеткен де Өзіңсің!

Сенің себепкерлігіңмен руханият пен иләһи махаббатқа талай жанның көзі ашылып, көкірегі оянды. Олар сүйіспеншілік пен ізеттіліктің ақ туын асқақ ұстады. Жан сарайының тереңінен түбі жарғақтанған тұнық судай мөлдіреген иләһи үндеулер төгіліп, рухани қажыр-қайраты қаншама ғасырдан бері адамгер-шілік құндылықтардың жаңылтпас жаршылары болып келді. Олардың жүрекжарды үндеулері мен баяндарынан адамзаттың көпшілігі бұрын-соңды көрмеген – ар-ұжданның қашып тығыла алмайтын, бетін жауып құтыла алмайтын айнасын сезініп, тастай суық, табыттай ауыр рухани ояздықтың құлдық қамытынан құтылды. Иә, Сенің дәнекерлік етуіңмен ой-пікір, сана-сезімі бір-бірінен жер мен көктей алшақ жатқан талай жұрт, тіпті жындар мен періштелердің өзі сартап болған сүрлеуден жасыл жайлауға шыққандай жан дүниесі жай тауып, қиюы кеткен қилы мәселелердің өзіне шешім таба алатындай дәрежеге жетті.

Арайлап атқан ақ таңдай адамзат көгінен туып, көңілдердің төрінен тақ құрған кезден бастап адам баласының «ахсәни-тақуим»[2] тылсымындағы терең мән мен мағынаның сырын ашып берген де Өзіңсің! Жібектей есілген әдептілікті үйреткен де тағы Өзіңсің! Саналыға да, санасызға да түйінді ой тастап, адамның бойында бұғып жатқан бұла таланттың қауызын аршып, адами тереңдігін түйсінуіне даңғыл жол аштың. Сан алуан ой-пікір мен дүниетанымды бір қазанда қайнатып, жалпы адамзаттық ортақ құндылықтарды қалыптастырып, бір тудың астына топтастырдың. Бұрын түрен түспеген соны соқпақпен сахараға із салғандай барша жұрттың өз өре, өз тұғырынан кеп сөз өрбітіп, ақиқатқа шақырдың. Күллі адамзат, тіпті жындар мен рухани болмыстар Сенің нұрлы баяндарыңнан терең мән мен мағына аулап, санадағы қасат қардай қатып, гүлдей семген дүниелердің тоңын жібітіп, рухани дүниесінде серпіліс жасаудың жолын көрсеттің. Байыбына барса да, бармаса да, адамзаттың көп бөлігі Сен әкелген иман ақиқаттары мен адамгершілік құндылықтар арқылы алынбас қамалдай көрінген биіктерді бағындырып, толағай табыстарға қол жеткізді.

Адамзаттың көгінде түн түнегін тілгілеп, күн боп туғанға дейін жер беті көз аштырмаған қасіреттен ыңырсып, қараңғылыққа көміліп, қапасқа қамалған болатын. Мәңгілік өмір сүрудің бақытын сезіне алмаған-дықтан, талай жұрттың қайғы-мұңнан қабырғасы қайысып, сеңдей сірескен сауалдар таудай төніп, еңсесін езді. Түйдек-түйдек жеткізген нұрлы баяның адам баласының санасын шырмаған, жанын жай таптырмаған сауалдардың түйінін жібек түткендей тарқатып, рухани-материалдық жағдайын қанағаттандырумен қоса, аңсаған армандарына қауышатынын сүйіншілеп, жетім қозыдай маңыраған талай көңілді үміт үйіне бастадың. Адамзаттың үсік шалған үмітін тірілттің. Сарыуайымнан салы суға кеткендердің жүрегінде үміт оты оянып, жаны жұбаныш тапты. Осы бір үкілі үміттің сиқырлы самалы шартарапта шалықтап, көңілдің мұңы сейілді. Өйткені, мәңгіліктің бақытымен сүйіншілеп, иләһи сүйіспеншілікке бөленудің сырбаз сырын аштың. Келмеске кеткендей болған адамгершілік өрісін қайта тапты. Аңсарын тапқан адамзаттың жүрегінде иләһи махаббат пен ғашықтықтың оты лаулай түсті. Қаншама ғасырдан бері қалтарыста қағыс қалып, қанаты қайырылған адамдық қасиеттер қайта жаңғырып, байтақ әлемге байрақ боп желбіреді. Адамзатты жан сарайына үңіліп, адами қадір-қасиеттің байыбына баруға үндедің…

Сенің үміт отын оятатын жүрекжарды үндеулерің сүйіспеншілікке, бақытқа зар болған талай жүректі жадыратты. Нұрлы баяныңның кәусар бұлағына аңқасы кеуіп, аңсары ауған қаншама жанның көр аузындағы көңілі иләһи сезімдермен қайта оянды. Асқақ рухты абзал жандар Хаққа құлшылықтың құштарлығынан оттай жанып, қармағын тереңге тастайтын тың ізденістерге бет бұрып, ақиқат жаршыларының қасиетті жолында жұлдыздай жарқырай бастады.

Әрдайым күшті иман, тас тесетін табандылық, қажымас қайратың арқылы, аспан айналып жерге түссе де, айнымас адал достарыңмен барша адамзатты ізгі-лікке шақырып, ұлы мақсатты ту еттің. Бар ғұмырың адамзатты мәңгілік бақытқа бастайтын хақ жолды көрсету үшін арпалыспен өтті. Осынау ұлы мақсат үшін жарғақ құлағың жастыққа тимей талай қиыншылықты бастан кештің. Шыбын жаныңды шүберекке түйіп, осы жолға барыңды салдың. Солай болуы да керек еді. Өйткені, Саған адамзатты асыл арманына жеткізу секілді аса қастерлі міндет жүктелген-ді. Сонымен қатар, мәңгілікке құштар көңілдерді арғы жағалаудағы арманына жетелейтін иләһи баянның жеткізушісі болдың. Сенің үмбетің үшін соққан жүрек үніңе құлақ түрсек, аңсағаның адамзаттың рухани-материалдық игілігі, көң боп қатқан көңілдің өзін идіретін иләһи сүйіспеншілікке бөлену, қайықтың ескегіндей екі дүниеде дауыл тұрса, ақжал толқынға бой бермей бақытты болу секілді алыс-тан қол бұлғаған асыл армандар еді. Осы қастерлі жолда Сені ешбір кедергі алған бетіңнен қайтара алмады.

Жаратқанның көкейіңе салған үркер жұлдызындай ұлы үндеуің күллі адамзатқа арналды. Адамзат түсініп-білген сайын кәусарыңа бас қойып, өз жан-жүрегіне шипа тапты. Өйткені, айтқандарың адам табиғатымен тамырласып жатты. Сезімтал жүрек, өршіл рух және нұрлы ақылды иіп әкеп бір иірімде тоғыстырып, үн қатуың бейне бір оркестрмен лебіз білдіргенің секілді. Сондықтан да кез келген жан осынау нұрлы баянды көңілдеріне тоқып, оның шалқар айдынында жаратылыстың тылсым сырларына үңілетін. Иә, бізге үміт сыйлаған ұлық хабарың мен көркем мінез-құлқың адам санасынан жоғары иләһи бастаудан құйылып жатты. Десек те, Сенің әкелген хабарың игілігімізге жарата алатындай қарапайымдылығымен және мекен мен уақыт талғамайтын ерекшелігімен жан-дүниемізді баурап алады. Лүп-лүп еткен жүрек секілді жанымызға жақын. Алабұртқан көңілден әл-әзірде атылып шыққан жан сырыңдай жылуын әрдайым сезініп келеміз. Адамдық болмысымызды саңылау қалдырмай баурап, жан-дүниеміздің төріне озып, толғандырып, толқытып келеді. Тамшы боп сіңіп, теңіз боп жайылатын Сенің сиқырлы сазыңа елтіп, сарайымыз ашылды. Бұл тек Сенің қолыңнан ғана келетін, Саған ғана тән парасаттылық еді. Ендеше, Сен теңдесі жоқ тарланбоз дара тұлғасың..!

Сенің бақытқа бастар «баяның» мінез-құлқы сан алуан адамдар мен түрлі мәдени құндылықтардың бар-лығын бір қауызға сыйдырып, бар сүйіспеншілікке идіріп баурап алардай жалпы адамзаттық сипатта еді. Ешбір жанды немесе оның көзқарасына қарап алаламайтын кең өрісті иләһи тәсілмен адамзатқа үндеу тастадың. Үндеу тастап қана қоймай, құшағын ашқандарға құстай ұшып, ыстық ықыласыңмен баурап алдың. Түрлі белгілермен, ишараттармен шектеулі сөздердің мәнін ашып, иләһи баянның терең мән-мағынасын паш еткен де Өзіңсің! Кейінгі ұрпақтарға ғаламның тылсым сырынан сыр шертіп, жұмбақ қақпаларды қақырата сөгіп аштың. Тіптен базбір жандарға осынау қақпаларды айқара ашып, арғы дүниенің тіл жетпес таңғажайыптарымен иманды жандардың көңілдерін көгорай шаттыққа бөледің. Жан сарайымызда жаңғырып тұрған осынау иләһи асылдарды дәуірдің тыныс-тіршілігіне қарай өзге қырынан ұғынған сайын, Сені құрметпен еске аламыз. Жүрек төрінен орын алған нұрлы болмысыңа құрметпен бас иеміз. Өйткені, Сен ең үлкен құрметке лайықсың.

Сен – ұлы Жаратушының күллі ғаламға жасаған теңдессіз тартуысың. Ақылға түрткі салып, түйін тастаған ізгі хабарың Ұлы Жаратушының таудай аманаты еді. Осылай түсінгендер ғана Сені әрдайым жанынан артық жақсы көрді. Өмір бойы сенің жалынды жаршың болды. Әрине, мұндайлар саған деген адалдықтары үшін көз көріп, құлақ естімеген нығметке бөленді.

Алайда қайдан пайда болғаны, тегі белгісіз базбіреулер қадір-қасиетіңді қалтарыста қалдырып, жұт жайлаған жүректеріндегі айкәпір күпірлікпен, қасапшының пышағындай жалаңдаған тілдерімен Сені даттауға кірісті. Сені (жүз мың рет астапыралла) «сауатс…» немесе мәңгілік әлемнен жеткен нұрлы баяныңа «шөл заң…» деп жерден алып, жерге салып, Сені «сол заманның және сол қауымның қажеттілігі еді» деген секілді шындыққа жанаспайтын шатты-бұтты пікірсымақтарын алға тарта бастады. Әдепсіз карикатуралар мен суреттерді жариялап, өшпенділік жайлаған дүниенің отына май құйып, дұшпандықты маздата түсті. Бейпіл ауыз дұшпандардың шабуылымен қатар өз үмбетіңнің ғапылдығы да жанға қатты батты. Ата-бабаларымыздың ерен еңбектеріне ие бола отырып, үмбет ретінде Сені және Сенің баяндарыңды өзгелерге «жетер жеріне жеткізе, жеткен суынан өткізе» түсіндіре де, насихаттай да алмадық. Қазірлері күпірлік пен имансыздық Сенің даңқыңа дақ түсіруге желпінгенін ойлаған сайын, қолдан келер қайран жоқ мүшкіл халімізге қамығып, «Неткен ғапылдықтамыз» деп, қабырғамыз қайысады.

Алайда, рухани тамыры тасты жарып, тереңге бойлаған, ата-бабаларының асқақ рухы қанына дарыған, Сен дегенде шығарға жаны басқа жаңа ұрпақтардың келетініне, үмбетің ерте ме, кеш пе, Сенің сүйіспеншілік пен мейірімге тұнған рухани құндылықтарыңмен қайта оянатынына күмәнім жоқ. Талай жан осы бір үкілі үмітпен жарқын болашақты асыға күтуде…

Сенен кешірім сұраудың өзінен ұяттан жерге кіргендейміз. Алайда мейіріміңнің кеңдігінен қашанда үміт үзген емеспіз. Көңіл көкжиегімізді көрдей қараңғылық тұмшалап, қасіреттен қан жұтсақ та, рухани құндылықтарымыздан біржола айырылып қала жаздаған күндердің өзінде Сенің даңғыл жолыңнан таймауға бел будық. Саған деген адалдығымыз бен уәдеге беріктігімізді паш етуге талпындық. Кем-кетігіміз сайдың тасынан көп. Алайда Сенің даладай дарқан-дығың мен кемшілікті кедергі көрмейтін кешірімің біздің бұл осалдығымыздан, жігерсіздігімізден биік тұратыны сөзсіз.


* Данияның «Jyllands-Fosten» газеті 2004 жылдың 30 қыркүйегінде Мұхаммед пайғамбарды (с.а.с.) «террорист» ретінде сипаттап, карикатурамен әжуалаған болатын. Фетхуллаһ Гүленнің «Қадіріңді сезіне түстік» атты бұл мақаласы осы оқиғадан кейін жарық көрген. (Ауд).
[1] Аллаһ тағалаға қауышуға деген құштарлық сезімі
[2] «Ахсәни-тақуим» – Аллаһ тағаланың адам баласын ең тамаша қасиеттермен және қабілетпен жаратқанын білдіретін термин


Share:

More Posts

fethullah gulen hocaefendinin le monde makalesi 99d

Фетхуллаһ Гүлен: «Мен жайлы айыптаулар дәлелденсе, түркияға қайтуға дайынмын»

Түркия Шілденің 15 — түні орын алған төңкеріс жасау әрекетімен жақын тарихтағы ең үлкен сұмдықты бастан кешті, шыңырау құзға құлап кете жаздап аман қалды. Сол түні болған оқиғаны террорлық төңкеріс деуге болады. Әскери шенділердің мемлекет ісіне араласуы тарихта қалды деп ойлаған түрік қоғамының барлық саласы төңкеріс әрекетіне ортақтаса қарсы тұрды әрі демократияны жақтайтындықтарын көрсетті. Мен…

Senin halktan

Фетхуллаһ Гүлен билікті көздей ме?

Белгілі ағартушы Фетхуллаһ Гүлен өзіне «Билікті көксеуде» «Президент болғысы келеді» деп айыптағандарға көп жылдардан бері әртүрлі орындарда жауап беріп келеді. Еңбектерінде бұл сұраққа мынандай жауаптар айтып, өмірлік негізгі мақсат-мұратын түсіндіруге тырысқан:
«Қанша рет айттым: «Алладан қорқа тұра бұл мәселеде жалған сөз сөйлемеймін: егер маған Президент аппаратын басқару берілсе, содан үзілді-кесілді бас тартпасам, әлемдегі ең сорлы мақұлық…

kulluktaki zaafiyet ve kabaran enaniyet 592

Құлдықтағы осалдық және тәкаппарлықтың асқынуы

Сұрақ: Менмендік пен өзімшілдіктің күш алуының ең маңызды себептерінің бірі ретінде құлдықтағы әлсіздік баса айтылады. Құлдықта әлсіздік таныту мен менмендіктің күш алуының арасында қандай қатынас бар?
Жауап: Араб тіліндегі «а-б-д» деген түбірден тарайтын убудият сөзі адамның Жаратушы иенің алдындағы жауапкершіліктерін орындап, құлдық сана-сезімде болуын білдіреді. Ғибадат та осы түбірден туындайды, алайда бұл екі сөздің арасында…

bari biz giybet iftira kavga ve fitnelere gecit vermeyelim 818

Бүлік оты

Сұрақ: «Мүмтахина» сүресінде айтылған: «Раббымыз, бізді ақиқатты мойындамаушылардың қолында бүлік пен сынаққа салма (бізді олардың қысымы мен қоқан-лоққысына ұшыратпа), бізді кешір. Раббымыз, жеке дара жеңіс пен хикмет иесі тек қана өзіңсің!» (Mүмтахина сүресі, 60/5) деген аяттан қандай сабақтар алуымыз керек?
Жауап: Алдыңғы аятта хазірет Ибраһимнің есімінің ашық аталуынан бұл дұғаның хазірет Ибраһимге (ала нәбиинә уә…

islamin insan tabiati ile butunlesmesi b1b

Көрегендік керек

Сұрақ: Сұқбаттар мен жазған дүниелерде жиі тоқталатын көрегендікпен әрекет ету мәселесін қалай түсіну керек? Оны өмірде қалай іске асыра аламыз?
Жауап: Басирет (араб тілінде) сөзі білім мен тәжірибемен қатар мәселелерді жүректің ізгі өлшемдерімен қолға алу, сараптау мен синтездеу, сөйтіп оларды басы әрі соңымен, алды артымен бағалайтындай кең ұғымталдыққа жету деген сөз. «Басар»: материалды көзбен заттар…

subjektif mukellefiyet 6b6

Сенім ұялату және таза істеу

Сұрақ: «Болашақ ұрпақтардың сынына ұшырататын жағдайлардан аулақ болу талабымен тыңдаушыларға сенім ұялатудың маңыздылығы сөз болуда. «Сұхбаттастарға сенім ұялату» деген не әрі бұл міндетті атқарғанда болашақ ұрпақтар алдында сын мен сөгіске қалмау үшін қандай тұстарға көңіл бөлу керек?
Жауап: Бұдан бұрын түрлі себептермен тілге тиек етілгендей, мүмин: Аллаға, Пайғамбарымызға (саллаһу алайһи уә сәлләм) және оның хабар бергендеріне…

isigin gorundugu ufuk 409

Рамазан айында адам жүрегінің жұмсаруы

Сұрақ: Жыл сайын көктен түскен сәкинадай[1] көңілімізді жібітіп, жайландырған, белгілі бір қалыпқа түсіретін Рамазан айын жекелей және қоғамдық өміріміз үшін барынша толық пайдалану үшін не ұсынар едіңіз?
Жауап: Ораза, ауызашар, сәресі, тарауих секілді арбайтын әсемдіктерімен санамызда қылаң беріп, өзіне тән қасиетті ауан қалыптастырған Рамазан айының үсті-үстіне қысым үдеп, зорлық пен қатігездік әлінен асып, дауласуды артық көріп,…

gaflet ve ulfete yenik dusmemis dua 0b8

Бір дұғадағы төрт негіз туралы

Сұрақ: Ардақты елшінің (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) жиі қайталайтын:
اَللّٰهُمَّ إِنِّي أَسْأَلُكَ الْهُدَى وَالتُّقَى وَالْعَفَافَ وَالْغِنَى
«Алла тағалам, Өзіңнен хидаят (тура жол), тақуалық, арлылық (иффа) пен байлық (ғина) сұраймын» (Мүслим, Зікір, 72) деген дұғасында өтетін төрт негізді түсіндіріп берсеңіз?
Жауап: Әуелі мынаны айтқан жөн, бұл дұғада аталған мәселелердің әрбірі ардақты пайғамбарлардың елеулі қасиеті болып табылады. Тіпті мынаны айтуға…

maik tayson kizmet kozgalisin maktadi 1fa

Майк Тайсон «Қызмет» қозғалысын мақтады

Әлемге әйгілі былғары қолғап шебері Майк Тайсон «АҚШ-тың шығыс жағалауындағы түрік мәдениеті» халықаралық фестивалдің ақтық мәресіне қатысты. Ол өзінің жалпыға мәлім Твиттер әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында «Қазмет» қозғалысының түрткі болуымен ашылған мекемелерге қарата өз алғысын білдірді.
«Тіл және мәдениет халықаралық фестивалі және оның ұйымдастырушысы Түрік-американ одағы мен Руми Форумын құттықтаймын!»
Аса мағыналы мына сөзді де Тайсон айтқан:
Сен…

korucuk home 7bb

Түркиядағы заңсыз әрекеттер аяқталуға жақын

Түркия соты баламалы құрылым құрып жатыр деген айып тағылған (Ердоған мен жақтастары «Қызмет» қозғалысынан осылай күдіктенеді) «Саманиолы» телерадио корпорациясының басшысы Хидаят Каража мен тағы да 60 шақты адамды босатты. Тағылған айыпқа бірде бір дәлел келтірілмеді тіпті көпшілігінен түсініктеме алуда да орынсыз деп тапты. Істі қараған сот айлар бойы тергеуге қарамастан еш кінә таға алмады.
Сот шешімді…

Send Us A Message